Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды

Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Дәурен Қосанов Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін марқұмдардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті.

Министр марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Қарулы күштер үшін бұл орны толмас қаза екенін атап өтті.

– Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз, – деді Дәурен Қосанов.

Қаза тапқан Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, олар әскери борышын өтеу кезінде жауапкершілік пен тәртіп танытқан.

Дәурен Қосанов қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін айтты. Ведомство туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесіп, отбасылармен тұрақты байланыста болатынын мәлімдеді.

Соңғы ресми дерек бойынша, Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды. Тергеу барысында 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынып, 12 сараптама тағайындалды. 

Қаза тапқандардың отбасыларына мемлекеттік көмектен бөлек қосымша қолдау көрсетіліп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 миллион теңге бөлуге ниет білдірсе, Құрылтай депутаттары жеке қаражатынан 146 миллион 650 мың теңге жинады.