Сегізінші шақырылым депутаттары цифрлық реформалардың алғашқы бастаушылары атанды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі aqorda_resmi каналына сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні заңнамалық тұрғыдан реттеуге қатысты елімізде де, әлемде де дайын үлгі болған жоқ. Осыған байланысты ол икемді құқықтық жүйені қалыптастыруға үлес қосқан Парламенттің сегізінші шақырылым депутаттарының еңбегіне жоғары баға берді.
– Жаңа Конституцияда Цифрлық Қазақстанды құрудың басты қағидаты – азаматтардың киберкеңістіктегі жеке деректерін қорғау құқығы бекітілді. Еліміз әлемде алғашқылардың бірі болып тарихи маңызы зор Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдады. Соның нәтижесінде толық цифрлық мемлекетке жүйелі көшуге қажетті заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптасты. Бүгінде бұл жұмыстың нақты нәтижелерін көріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Үкіметтердің жасанды интеллектке дайындық индексі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұрғанын атап өтті. Алайда бұл – алдағы ұзақ жолдың бастауы ғана.
Президенттің айтуынша, ауқымды жұмыстың негізгі бағыттары маусым айының басында бекітілген Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясында айқындалған.
Оның тапсырмасымен заңнаманы жан-жақты қайта қарап, жаңғыртумен айналысатын Реттеуші интеллект орталығы құрылды. Бұл кәсіпкерлер үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін eGov Business платформасының дамуына ерекше назар аударылып отырғанын айтты.