Қос азаматтық үшін павлодарлық әйел жауапқа тартылды

Қос азаматтық үшін павлодарлық әйел жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол Қазақстан Республикасының құжаттарын заңсыз төрт жыл пайдаланып келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды. 

Осылайша, 6 ай ішінде Павлодар облысында 332 адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығарылғаны белгілі болды. Оның ішінде 328 адам басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы өз еркімен хабарлаған.

– Басқа мемлекеттің азаматтығы бола тұра, Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдаланған 12 азамат анықталды. Сонымен қатар, 18 құқық бұзушы басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.

Мәселен, полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, 2022 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдап, Ресей төлқұжатын алған әйелді анықтады. Алайда ол бұл деректі жасырған және Қазақстан құжаттарын пайдалануды жалғастырған. Көші-қон қызметінің қызметкерлері құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған 735 250 теңге көлемінде айыппұл салды.