Үкімет мұнай-газ саласындағы жетістіктерін жариялады
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы Үкімет қызметін қорытындылау аясында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Astana Hub» алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, энергетика саласын дамыту мәселелерін талқылады.
Есепті кезеңде Үкімет Мемлекет басшысының бастамасымен мұнай-газ секторын, жанар-жағармай нарығын және мұнай өңдеуді қамтитын ауқымды реформаларды жүзеге асыруды жалғастырды.
Мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы – теңіз кен орнындағы кеңейту жобасының толық аяқталуы болды. Зауыттың үшінші буынын пайдалану мұнай өндіруді жылына 12 миллион тоннаға дейін арттырды, бұл экспорттық кірістің тұрақты көзін қалыптастырып, ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтеді.
Жанар-жағармай нарығында бағаны қолдан басқарудан нарықтық механизмдерге көшу жүзеге асырылды. Қабылданған шаралар нарықты тұрақтандыруға, отынмен қамтамасыз етуге және тапшылық қаупін азайтуға мүмкіндік берді.
– 2025 жылы мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді өндірістік бағдарламалары бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – зауыттарды кеңейту және жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу арқылы өңдеу көлемін жылына 18 миллионнан 39 миллион тоннаға дейін арттыру, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Биыл CaspiBitum зауытын жаңғырту аяқталып, кәсіпорынның қуаты жылына бір жарым миллион тоннаға, ал битум өндірісі жылына 750 мың тоннаға дейін артты.
Сонымен қатар, Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту, сондай-ақ жаңа МӨЗ салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстары жалғасуда.
Салада экологиялық стандарттарға және технологиялық дамуға ерекше назар аударылады. Көміртекті бейтараптық стратегиясы шеңберінде К5+ мұнай өнімдерінің экологиялық стандарттарына көшу жоспарланып отыр. Техникалық жаңғырту мұнайды өңдеу тереңдігін 94 пайызға дейін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығару үшін мұнай өңдеуді мұнай химиясымен біріктіруге мүмкіндік береді.