«Заң мен тәртіп»: Ертіс ауданында жастар фестивалі өтті
Белсенділер «Есірткіге жоқ!» фестивалі аясында бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында «Бізді өмір біріктіреді: Есірткіге жоқ!» атты ауқымды жастар фестивалі өтті. Іс-шара белсенді жастарды, мемлекеттік органдар өкілдерін және жұртшылықты салауатты әрі қауіпсіз болашақ идеясы төңірегінде біріктірді. Фестиваль «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында ұйымдастырылып, Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай өткізілді.
Күні бойы фестиваль алаңдарында мерекелік көңіл күй, достық пен белсенділік атмосферасы орнады. Ұйымдастырушылар қатысушылар үшін бірнеше тақырыптық алаң әзірлеп, әрбір жасқа өз күш-жігерін, командалық рухын және жеңіске деген ұмтылысын көрсетуге мүмкіндік жасады.
Мектеп оқушылары арасында ерекше қызығушылық тудырған сайыстардың бірі «Көңілді старттар» жарысы болды. Жалпы білім беретін мектептердің командалары жоғары жылдамдықтарын, ептіліктерін және ұйымшылдықтарын паш етті. Жанкүйерлердің қызу қолдауы, шынайы эмоциялар мен қуанышты сәттер жарыстың әсерін арттыра түсті.
— Фестивальдің ең тартымды бөлімдерінің бірі жеңіл атлетикалық жүгіру жарысы болды. Оған төзімділігі мен табандылығын көрсеткен жас спортшылар қатысты. Тартысты әрі әділ өткен бәсекенің қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен Тристан Искаков жеңімпаз атанды, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белсенді өмірлік ұстанымы мен салауатты өмір салты қағидаттарына адалдығы үшін облыстық полиция департаменті оған басты сыйлық – алға ұмтылудың және дұрыс өмірлік таңдаудың символы саналатын велосипедті табыстады.
Мазмұнды шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Сахнада өнер көрсеткен шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, фестивальдің жарқын атмосферасын толықтыра түсті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға және қоғамдағы есірткіге қарсы иммунитетті күшейтуге ықпал етеді.
Фестиваль қорытындысы бойынша жарыстардың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара спорт пен белсенді өмір салты қазіргі жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын тағы бір мәрте дәлелдеп, қатысушыларға сергектік, жігер және жарқын әсер сыйлады.