Павлодарда жүзуден облыстың ашық чемпионаты басталды

Павлодарда жүзуден облыстың ашық чемпионаты басталды
Фото: Константин Музалевский

Үш күнге созылатын жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен 350 жас спортшы жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ertis Olympic» заманауи 50 метрлік олимпиадалық бассейнінде жүзуден облыстың ашық чемпионатының жалауы көтерілді.

Турнирге 2010 жылы туған және одан кіші жастағы спортшылар қатысуда. Жарысқа Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Шарбақты ауданынан барлығы 350 жүзуші келген.

Чемпионат «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, үш күн бойы өтеді.

– Жарыстың ашылу салтанаты барысында спорт мектебінің тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналарына Қазақстан Республикасының 2025-2026 оқу жылындағы чемпионаттарында қол жеткізген жетістіктері үшін алғыс хаттар табысталды, – деді ұйымдастырушылар.

Алдағы үш күнде жас спортшылар түрлі қашықтықтар бойынша өзара мықтыны анықтап, медальдар мен жүлделі орындар үшін бақ сынайды. Чемпионат өңірдегі жүзу спортының дамуына серпін беріп, жас спортшылардың тәжірибе жинауына мүмкіндік жасайды.