Павлодарлық гір спортшылары Қазақстан ойындарында алтын мен күміс жеңіп алды
Түркістанда VIII Халықтық спорт ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқаралық спортты дамыту және іс-шараларды өткізу спорт клубының мәліметінше, Қазақстанның барлық өңірінен келген үздік спортшылар қатысып жатқан жарыста Павлодар облысының намысын 100-ден астам спортшы қорғауда. Олар волейбол, баскетбол 3×3, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, шахмат, гір спорты және қол күресі бойынша бақ сынап жатыр.
Гір спорты бойынша павлодарлық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті.
– Нұртас Жүнісов 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды. Ал Танат Бердалин 73 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды, – деді бұқаралық спортты дамыту және іс-шараларды өткізу спорт клубының баспасөз қызметі.
.VIII Халықтық спорт ойындары 11–20 маусым аралығында Түркістан қаласында өтуде. Бұл – еліміздегі ең ірі бұқаралық спорт жарыстарының бірі.
Жерлестеріміздің жетістігі Павлодар облысындағы гір спорты мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Өңір құрамасы жарыстың алдағы кезеңдерінде де жүлделі орындар үшін күресін жалғастырады.