Оқушылар қазына іздеді: Павлодар ауданында ерекше мереке өтті
Сычевка жалпы білім беретін мектебінде жазғы демалыс маусымы ерекше форматта басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мектеп аумағында «Қазына аралы» атты тақырыптық мереке ұйымдастырылып, оқушыларды нағыз шытырман оқиға әлеміне жетеледі.
Іс-шара барысында мектеп «қарақшылар кемесіне» айналып, оқушылар қазына іздеуші теңізшілер рөлін сомдады. Жас қатысушылар қазына картасы бойынша әртүрлі бекеттерден өтіп, тапсырмаларды орындады. Бағдарлама барысында олар сурет салып, ән айтып, би билеп, логикалық жұмбақтарды шешіп, жасырын белгілерді табу арқылы келесі кезеңге өтіп отырды.
– Әрбір бекет балалар үшін қызықты әрі мазмұнды болды. Ойындар мен тапсырмалар олардың тапқырлығын, ептілігін және ең бастысы –командалық бірлігін дамытуға бағытталды. Балалар бір-біріне қолдау көрсетіп, барлық сынақтарды үлкен ынтамен еңсерді, – дейді мектептің аға тәлімгері Айым Исмайылова.
Мерекенің ең әсерлі сәті – «қазынаның» табылуы болды. Бұл сәт оқушылар үшін ерекше қуаныш пен шаттыққа толы әсер қалдырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы шаралар балалардың шығармашылығын дамытып қана қоймай, олардың жазғы демалысын қызықты әрі есте қаларлық етуге мүмкіндік береді.