Тереңкөл кәсіпкерлері суару мен несие мәселесін көтерді

Тереңкөл кәсіпкерлері суару мен несие мәселесін көтерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған түйткілдер көшпелі отырыста талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті көшпелі отырысы Тереңкөл ауылында өтті. Жиынға кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев, аудандық филиал директоры Мұса Әбдіхаев, кәсіпкерлер, аграрлық сектор өкілдері, прокуратура қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Бұл жолы кездесудің ерекшелігі – кәсіпкерлер алдын ала белгіленген тақырыптарды емес, өздерін алаңдатқан мәселелерді тікелей көтерді.

– Кәсіпкерлер ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан түйткілдерді ашық айтып, өз ұсыныстарын жеткізді, – деді ӨКП баспасөз қызметі.

Жиын барысында қатысушылар суармалы егістік алқаптарына қажетті инженерлік коммуникациялардың жоқтығын, салық жүктемесінің күрделілігін, бизнесті дамытуға арналған несиелерді рәсімдеудегі қиындықтарды және ветеринар мамандардың кәсіби даярлығы мәселесін көтерді.

Кездесуге облыстық мемлекеттік органдардың өкілдері бейнеконференция арқылы қосылды. Олар көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер беріп, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап қайтарды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен мемлекеттік органдар барлық көтерілген мәселелерді бақылауға алып, оларды шешу жолдарын қарастыруға уағдаласты.