Павлодарда қауіпті видео түсірген жүргізуші жауапқа тартылды
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жастар қозғалыстағы көліктің терезелерінен шығып, тасжол үстінде фотосессия ұйымдастырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға 3 маусым күні Павлодар әуежайы маңындағы тасжолда болған. Бейнежазбада бірнеше жас жігіттің жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің терезелерінен шығып, әсерлі кадрлар түсірмек болғаны көрінеді.
Полицейлер бейнежазбаға қатысы бар азаматтарды қысқа мерзімде анықтаған. Geely Monjaro автокөлігін 25 жастағы жергілікті тұрғын басқарғаны белгілі болды.
– Жол қозғалысы ережелері мен жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жастар жол үстінде мобильді фотосессия ұйымдастырып, өздерінің ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Полиция әлеуметтік желідегі танымалдық үшін жасалатын мұндай әрекеттердің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салды. Ведомство жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өмір мен денсаулықты қауіпке тікпеуге шақырды.