Павлодарлық мұғалімдер BilimClass платформасының артықшылықтарын атады
Педагогтердің пікірінше, жаңа платформа күнделікті жұмысты жеңілдетіп, оқушылардың үлгерімін бақылауды оңтайландырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде BilimClass білім беру платформасын енгізу бойынша пилоттық жоба жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жүйе өңірдегі 69 мектепте қолданылады. Оның ішінде Екібастұз қаласының 44 мектебі мен Ертіс ауданындағы 25 білім беру ұйымы бар.
Мұғалімдер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша платформаның негізгі артықшылықтарының бірі оқу процесін ұйымдастыруға арналған цифрлық құралдардың көптігі болған.
– Педагогтердің 79 пайызы жүйедегі жарнаманың жоқтығын және оқушыларға арналған бонус жүйесін жоғары бағалаған, – деп хабарлады жоба өкілдері.
Сауалнамаға қатысқан мұғалімдер BilimClass күнделікті жұмысты жеңілдетіп, есеп беру процесін оңтайландырғанын атап өткен. Сонымен қатар платформадағы БЖБ және ТЖБ нәтижелерін талдау құралдары да оң баға алған.
Жүйені ата-аналар да қолдап отыр. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, ата-аналардың 67 пайызы баласының үлгерімін бақылау жеңілдегенін айтқан. Ал 85 пайызы оқушыларға арналған бонус жүйесі білім алуға қосымша ынталандыру береді деп есептейді.
Бүгінде BilimClass платформасын Қазақстан бойынша бес мыңнан астам мектеп, 2,5 миллион оқушы және 350 мың педагог пайдаланады.
Жоба әзірлеушілерінің мәліметінше, платформа қазақстандық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Онда ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Жүйенің қауіпсіздігі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметі берген сертификатпен расталған.