Ертіс ауданындағы балық қырылуының себебі анықталды
Мамандар су айдынындағы жағдайды зерттеп, техногендік әсер белгілерін таппады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, оқиға бойынша тиісті қызметтердің мамандары тексеру жүргізіп, су айдынын зерттеген. Нәтижесінде су қоймасының ластануы немесе техногендік әсер белгілері анықталмаған.
Мамандардың мәліметінше, көктемгі тасқыннан кейін балықтың бір бөлігі өзеннен бөлініп қалған таяз су айдындарында қалып қойған. Кейін ауа температурасының көтерілуі мен су деңгейінің төмендеуі салдарынан суда оттегі мөлшері азайған.
– Тексеру нәтижесінде балық қырылуының себебі табиғи факторлар екені анықталды. Су айдынының ластануы немесе техногендік әсер белгілері тіркелген жоқ, – деп хабарлады жауапты қызмет өкілдері.
Қазіргі уақытта қырылған балықтарды жинау және кәдеге жарату жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар мамандар таяз су айдындарында қалған балықтарды құтқарып, оларды Ертіс өзеніне жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жағдай бақылауда және су айдындарына мониторинг жалғасуда.