Павлодар тумасы қазақ даласын мекендеген динозаврларды қайта сөйлетті
Павлодарда туған палеосуретші Ильшат Исхаков Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі алыптардың бейнесін ғылыми негізде қайта жасап, оларды көпшілікке таныстырып жүр. Оның мақсаты – аралозавр, батырозавр және қазақламбия секілді отандық динозаврларды кеңінен насихаттау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ильшат Исхаков үшін ежелгі әлемге деген қызығушылық өзі дүниеге келген Павлодар қаласында басталды. Жергілікті музейлерде ол ғылым мен тарихқа алғаш рет қызығушылық танытқан.
Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ильшат алғаш рет тарихқа дейінгі тіршілік іздерін көрген, дәл осы сәт оның болашақ жолын айқындады. Бүгінде ол ежелгі жануарлардың келбетін қайта қалпына келтірумен айналысып, Қазақстанда табылған аз зерттелген динозаврларды кеңінен танытып келеді.
Динозаврларға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында, зоология оқулығынан олардың суреттерін көрген кезде басталған. Содан бері алып кесірткелер оның өміріндегі басты әуестікке айналды.
– Мен өз көзіме өзім сенбедім. Ақпарат іздей бастадым. Ол кезде дерек өте аз болатын. Қазір «Юр дәуірі саябағы» фильмінен кейін бұл тақырып әлдеқайда танымал болды. Бұрын көпшілік аса қызықпайтын. Әр жаңа мәлімет білген сайын таңданысым арта түседі. Олар – жер бетінде өмір сүрген ең ғажайып жаратылыстар, – дейді суретші.

Қазақстанда өмір сүрген ежелгі жануарлардың ішінде оның ерекше жақсы көретіні – аралозавр. Аралозаврдың қалдықтары ежелгі Арал теңізі маңынан табылған. Бұл түрді 1968 жылы кеңестік палеонтолог Анатолий Рождественский сипаттаған. Кейін оны әртүрлі елдердің ғалымдары қайта қалпына келтіруге тырысқан.
Палеосуретшінің жұмысы ғылыми материалдарды терең зерттеуді талап етеді. Әр реконструкция палеонтологтардың зерттеулері, қаңқа қалдықтары және мамандардың кеңестері негізінде жасалады.
– Менің жұмысым жануардың сыртқы келбеті туралы ғалымдардың тұжырымдарына сүйенеді. Басқа палеосуретшілердің еңбектерін қарап, тәжірибе жинақтаймын. Бірде Батыс Қазақстан облысының ғалымдары қазақстанозаврды қалпына келтіруге көмектесуді сұрады. Ол динозавр емес, дельфинге ұқсайтын теңіз бауырымен жорғалаушысы. Оны іс жүзінде нөлден бастап жасадым: эскиздер дайындап, мамандарға жіберіп отырдым, бас сүйегі мен жүзбеқанаттарының пішінін нақтыладық. Нәтижесінде дәл реконструкция жасалды, – дейді Ильшат Исхаков.

Оның айтуынша, алдымен қаңқаның құрылысы зерттеледі, содан кейін ғана бұлшықеттері мен анатомиялық ерекшеліктері ескеріліп, жануардың сыртқы бейнесі қалпына келтіріледі.
Суретшінің шығармашылығында «Қазақстан динозаврлары» жобасы ерекше орын алады. Ол қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген мезозой дәуірінің жорғалаушылары бейнеленген 25 ашықхаттан тұратын жинақ шығарған. Сонымен қатар табылған қалдықтар негізінде бірнеше реконструкция жасаған.
Палеосуретші өзінің «Қазақстан динозаврлары» көрмесін Павлодар қаласында да ұсынды.
– Адамдардың осы тақырыпқа назар аударғанын қалаймын. Көпшілік негізінен америкалық динозаврларды біледі, өйткені олар туралы фильмдер түсіріп, кітаптар мен энциклопедиялар шығарады. Ал Қазақстандағы табылған олжалар туралы көп адам білмейді. Мен осыны өзгерткім келеді. Балаларға дәріс оқимын, ғылыми негізделген реконструкциялар жасаймын. Интернетте қателер өте көп. Әсіресе, қазір нейрожелілер суреттерді жиі бұрмалап жібереді, – дейді ол.

Суретшінің пікірінше, Қазақстан динозаврлары тақырыбы жастар арасында ғылыми-ағартушылық жұмыстың маңызды бөлігіне айналуы тиіс.
– Бұл мен үшін өте маңызды тақырып. Оны кеңінен насихаттау керек. Балалар қазақстандық динозаврларға қызығады. Көптеген қазба қалдықтары кеңес дәуірінде табылып, қазір Мәскеу музейлерінде сақтаулы тұр. Олардың көшірмелерін 3D-баспа арқылы жасап шығару тамаша болар еді, – дейді ол.
Павлодардағы көрме шебер үшін ерекше маңызға ие болды.
– Мен Павлодарда дүниеге келдім. Бұл – менің балалық шағым өткен музей. Осында алғаш рет табиғат, жойылып кеткен жануарлар және ғылыммен таныстым. Сондықтан, көрмені дәл осы жерде өткізу мен үшін өте маңызды болды. Ұсынысымды музей қызметкерлері бірден қолдады, – дейді ол.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстан аумағында шамамен динозаврлардың 16 түрінің қалдықтары табылған.
– Кейбір түрлер әлі де нақтылауды қажет етеді. Кейде тек тістер немесе сүйек сынықтары ғана кездеседі. Қалдықтардың басым бөлігі Арал маңынан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан табылған. Мезозой дәуірінде бұл аумақта ежелгі Тетис мұхиты болғандықтан, теңіз бауырымен жорғалаушыларының қалдықтары да жиі кездеседі, – дейді суретші.
Қазақстанда табылған бірегей ежелгі кесірткелердің қатарында аралозавр, яксартозавр, қазақламбия, арыстанзавр және батырозавр бар.
Бүгінде Ильшат Исхаковтың коллекциясында 27 динозавр мүсіні, ондаған сурет пен эскиз, сондай-ақ үш ірі керамикалық панно бар. Белгілі түрлермен қатар ол ХХ ғасырда Қазақстан аумағында табылған бірнеше ерекше ежелгі жануардың бейнесін қайта жасаған.
Қазақстанның ежелгі кесірткелері шетелдік танымал динозаврлардан кем емес назар аударуға лайық. Өйткені, олар – таста сақталған әрі әлі күнге дейін көптеген құпиясын жасырып жатқан еліміздің табиғи және ғылыми мұрасының бір бөлігі