Ғылым жолын қуып жүрген павлодарлық оқушы Президент қолынан марапат алды

Халықаралық олимпиаданы шыңдаған білімпаз лайықты құрметке ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті. Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен. Олардың қатарында Павлодар облысының тумасы «Дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Қайыркен болды.
Ол Филиппинде өткен «International Biology Olympiad» халықаралық биология олимпиадасында ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді.
Мемлекет басшысы Ерсұлтанды қола медаль иегері ретінде 500 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі ақшалай сыйлық сертификатымен марапаттап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Президенттің қолынан марапат алу – жас ғалым үшін үлкен абырой. Ерсұлтан үшін бұл күн – еңбектің еленуі ғана емес, алдағы асуларға шабыт берген жарқын сәт болды, – деп атап өтті облыстық білім басқармасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Ол Қазақстанның болашағы – жасампаз жастардың қолында екеніне назар аударып, ұл-қыздарымыз әрдайым үздіктер қатарынан табылатынын атап өтті.