Келешек мектеп: Павлодарда жаңа білім ордасы ашылды

Келешек мектеп: Павлодарда жаңа білім ордасы ашылды
Фото: Константин Шелков

Облыс орталығында заманауи талаптарға сай жаңа мектеп пайдалануға беріліп, бүгінде онда 805 оқушы білім алуды бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Павлодар облысында қарқынды іске асуда. Жоба аясында Павлодарда №47 жалпы орта білім беру мектебі ашылды. Мемлекеттік тілде білім беретін мектеп 600 орынға есептелген және барлық заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, жаңа мектептердің салынуы қаладағы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Павлодар қаласында оқушы орындарының жетіспеушілігін шешуге мүмкіндік берді. Соңғы екі жылда екі жаңа мектеп салынды, сондай-ақ төрт мектепке қосымша ғимараттар тұрғызылды, – деді өңір басшысы.

Жаңа білім ордаларында кең әрі жарық сыныптар, заманауи оқу жабдықтары, спорт залдары мен спорт кешендері қарастырылған. Қазіргі уақытта №47 мектепте 805 оқушы білім алуда. Алдағы уақытта мектеп жобалық қуаттылығына сай толық жүктелмек.

№47 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Ләйла Жүсіпованың айтуынша, оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған.

– Бүгінде мектебімізде 1–4 сынып оқушылары екі ауысымда, ал 5–11 сынып оқушылары бір ауысымда оқиды. Бұл түстен кейін қосымша білім беру сабақтарын, спорттық іс-шаралар мен факультативтерді жүйелі түрде өткізуге мүмкіндік береді, – деді мектеп директоры.

Мектеп заманауи материалдық-техникалық базаға ие және пән мұғалімдерімен толық қамтылған. Қамал Мақпалеев атындағы №17 жалпы орта білім беру мектебінен және Әлихан Бөкейхан атындағы мектептен бірнеше сынып осы білім ошағына ауыстырылған. Сонымен қатар өзге мектептерден де оқушылар қабылданды. Жалпы 48 мұғалім конкурс негізінде жұмысқа қабылданған. Қазіргі таңда мектеп оқу-тәрбие процесін толық көлемде жүргізуге дайын.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінген. Павлодар қаласындағы №47 мектептің құрылысына 3,8 миллиард теңге жұмсалған.