Құтқарушылар Ертіс өзеніне құлап кеткен әкесі мен баласын құтқарды
Оқыс оқиғаға шағын қайықтың аударылып кетуі себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Облыс орталығында Усолка шағынауданы маңындағы су айдындарын патрульдеу кезінде құтқарушылар шағын қайықтың аударылуы салдарынан суға құлап кеткен әкесі мен баласын анықтады. Оқиға Ертіс өзенінде болды. Екеуі де құтқару кеудешелерін киген. Ол көмек келгенге дейін ер адамдардың су бетінде батпай тұруына жағдай жасады, - делінген хабарламада.
Құтқарушылар жедел әрекет етіп, зардап шеккендерді судан шығарып, департамент бөлімшесіне жеткізді. Суық тиіп қалудың алдын алу үшін оларды жылы көрпеге орап, жылыту шаралары жүргізілді. Әкесі мен баласына медициналық көмек қажет болмады.
Осы орайда төтеншеліктер суда демалу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдалану керектігін ескертеді.