Қару ісінің шебері атанған екібастұздық полицей стереотипті бұзды
Темірдей тәртіп пен әйелдің ерік-жігері бір қызметте тоғысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұрын қарумен жұмыс істеу тек ерлерге тән іс болып саналатын. Алайда бүгінде бұл пікірдің жаңсақ екенін дәлелдеген әйелдер аз емес. Солардың бірі – Екібастұз қалалық полиция басқармасының қару-жарақ қоймасының меңгерушісі, полиция кіші сержанты Салтанат Баубекова.
Жауапкершілігі жоғары қызметті атқарып жүрген Салтанат нәзік болмыс пен ер мінездің үйлесімін көрсете білді. Оның кәсіби дәлдігі мен ұқыптылығы әріптестерінің де сенімін иеленіп отыр.
– Салтанат – өз мамандығында алғашқы қыз. Біз оны «қару ісінің шебері» деп атаймыз. Қыздар бұл салада сирек кездеседі, бірақ ол бұл қалыптасқан түсінікті өзгертті. Қызметтік қаруды сақтау, пайдалану және техникалық қызмет көрсетуге қатысты барлық талаптарды жетік біледі және қатаң орындайды, – дейді әріптестері.
Салтанат үшін бұл жұмыс – жай ғана қызмет емес, ер азаматтармен тең дәрежеде еңбек етудің және кәсіби тұрғыда өзін дәлелдеудің жолы.
– Менің мақсатым – әйелдің қай салада болсын табысты бола алатынын көрсету. Полиция қызметінде ұқыптылық пен іске адалдық – басты қағида. Мен өзіме де, өзгеге де талапшыл болуға тырысамын. Қару шеберінің жұмысы – бөлімшенің тиімді қызметін қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді, – дейді ол.
Салтанаттың міндетіне қаруды есепке алу, беру, жөндеу және техникалық қызмет көрсету кіреді. Сонымен қатар ол жеке құрамның қаруды дұрыс және қауіпсіз пайдалануына жауап береді.
– Қару артық «әрлеуді» ұнатпайды. Сондықтан мен үшін бастысы – тәртіп пен үйлесім. Бұл лауазымдағы алғашқы қыз болу – зор жауапкершілік әрі үлкен мәртебе, – дейді полиция кіші сержанты.
Ер мінезді қызметте нәзік болмысымен ерекшеленген Салтанат Баубекова – батылдық пен кәсібиліктің үлгісіне айналды.