Павлодар облысында ақылы жолдар бағасының өсуі пысықталуда
Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік көліктерге бағытталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Рrimeminister.kz сайтының мәліметінше, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында автожол саласын дамыту мәселесі қаралды. Саладағы жобалардың іске асырылуы туралы көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Ол Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифтері басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен екенін атап өтті.
– Осыған байланысты ұстау шығындарын толық өтеу үшін қолданыстағы тарифті 20 пайызға арттыру мәселесі пысықталуда. Бұл ретте жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер көзделетін болады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік көліктерге бағытталады, – деді Марат Қарабаев.
Павлодар облысында ақылы жолдарға «Астана – Павлодар», «Павлодар – Қалбатау» және «Павлодар – Омбы» бағыттары жатады.
Мысалы, бүгінгі күні «Астана – Павлодар» тас жолында жеңіл көлік үшін ақылы жол 490 теңгені құрайды. Ал 16 адамға дейінгі микроавтобус пен 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне 2390 теңге болса, 32 адамға дейінгі автобус пен 5,5 тонналық жүк көлігі үшін –4190 теңге. Автобустың 32 орыннан асатын түрі мен 10 тоннаға дейінгі жүк көлігінің жүргізушілері 7190 теңге төлейді. Он тоннадан асатын жүк көлігі аталмыш бағытта 9590 теңге, 15 тоннадан асатыны 11 990 теңге төлейді.