Қасым-Жомарт Тоқаев: Ел жастары Қазақстан тарихында өз қолтаңбасын қалдыра алады

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ел жастары Қазақстан тарихында өз қолтаңбасын  қалдыра алады
Иллюстративное фото Константина Шелкова

Мемлекет басшысы ел жастарын сайлауға белсенді қатысуға шақырды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл маңызды құжат жұртшылыққа, әсіресе өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді.

Президенттің сөзінше, жаңа Конституция жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Себебі өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің де иесі әрі қорғаны – жастар.

– Барша азаматқа, әсіресе жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, сіздерге арналған. Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екенін білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар. Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастардың таңдауы бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдау.

– Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы сіздерге жүктеледі. Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде 90 мыңнан астам қазақстандық жастың шетелде кедергісіз білім алып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан әр адамға зор мүмкіндік беретін мемлекет.

Алдағы референдум да осындай мүмкіндіктің бірі ретінде бағаланып отыр. Онда әр азамат елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасай алады.

Президент жастарды референдумға белсене қатысуға шақырып, бұл ел тағдырына бейжай қарамаудың белгісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр азаматтың таңдауы Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруға ықпал етеді.

Естеріңізге сала кетейік, референдум 15 наурыз күні өтеді.