Қасым-Жомарт Тоқаев: Киелі мереке рухани кемелденуге жол ашады
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
- Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алатын бұл мейрамды бүкіл мұсылман қауымы қадір тұтады. Осы киелі мерекеде рухани кемелденуге жол ашатын мейірімділік пен қайырымдылық, өзара құрмет пен сенім, жанашырлық пен тілеулестік қасиеттері кеңінен дәріптеледі, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Құрбан айт күндері азаматтарымыз өзгеге қол ұшын беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну айрықша маңызды екенін атап өтті.
- Бұл – әділдік пен адамгершілікті, ой мен сана тазалығын арқау еткен ислам ілімінің ұлағатын дұрыс түсініп, тағылымын тереңірек тануға зор ықпал ететін ерекше кезең. Түптеп келгенде, біздің асыл дініміз де, еліміздегі басқа дәстүрлі діндер де халқымыздың рухани дамуына, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен қоғамдағы ынтымақ-бірліктің артуына негіз болып отыр. Бәріміз үшін еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігінен биік ешнәрсе жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент Конституция – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, ұлттық бірегейлігіміздің өзегі екенін тілге тиек етті.
- Ел тұтастығын күшейту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мемлекет саясатының аса маңызды бағыты, конституциялық міндеті саналады. Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы. Бұл – қазіргідей алмағайып заманда мемлекетімізді одан әрі көркейтіп, Әділетті және Озық Қазақстанды құрудың бірден-бір шарты. Біз алдағы уақытта халқымыздың ырысты ынтымағы мен жасампаз рухының арқасында биік белестерді бағындыра береміз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт қабыл болсын, - деп түйіндеді құттықтауын.