Қазақстан Елшілігі «Түркі тілдер отбасы күні» мәдени іс-шарасына қатысты

Қазақстан Елшілігі «Түркі тілдер отбасы күні» мәдени іс-шарасына қатысты
Фото: Динара Маханова

Мереке Амман қаласындағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аталған шара бауырлас түркі халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталды. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігі ұлттық құндылықтарымызды кеңінен таныстырды. Қонақтарға қазақ халқының қонақжайлылығы мен ұлттық бірегейлігінің символы саналатын дәстүрлі киіз үй тігіліп, сондай-ақ ұлттық тағамдар ұсынылды. 

Сонымен қатар, мереке барысында Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ұлттық асханаларының элементтері таныстырылып, қатысушыларға түркі әлеміне ортақ дәстүрлер мен дәмдердің ерекшелігі көрсетілді.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын Елшілік қызметкерлері ұйымдастырған қазақ халық аспабы – домбырамен орындалған музыкалық қойылым және қазақ мәдениетінің сұлулығы мен өзіндік ерекшелігін айшықтайтын ұлттық киімдер көрсетілімі тудырды.

Бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде Иордания университетінің шет тілдері факультетінің студенттері түрлі түркі тілдеріндегі дыбыстарды салыстыра отырып айтып, түркі тілдері отбасының байлығы мен бірегейлігін паш етті.

Айта кетейік, жуырда түркиялық жазушы Ахмет Сағлам «Қазақстан Туының мифологиялық қырлары: тарихи кодтар» атты кітабын жарыққа шығарды.