Қазақстан халықаралық логистикадағы орнын нығайтуды көздейді

Қазақстан халықаралық логистикадағы орнын нығайтуды көздейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі 2025 жылы көлік инфрақұрылымындағы болатын реформалар мен жаңа өзгерістердің жоспарын жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстанда авиация саласындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынады. Қазіргі таңда бұл нысандардың жер учаскелерін рәсімдеу және жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2030 жылға дейін елімізде көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылады. Жаңа автожолдардың жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым, оның 3,7 мың шақырымы – І санаттағы жолдар.

Бұл жобаларды іске асыруға жалпы көлемі 9 трлн-нан астам теңге  инвестиция көзделген. Қазір инвесторлар тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

Темір жол көлігі саласында да бірқатар ауқымды модернизация жоспарланған. 2025 жылы 225 жаңа вагон сатып алынады.

«Достық – Мойынты» жобасы бойынша темір жол құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 5 есеге арттырып, тәулігіне 12-60 пойыз жұбының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар «Алматы айналма жолы» жобасы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ «Достық – Бескөл» және «Мойынты – Балқаш» учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған. Бұл шешім көрсетілген учаскелердегі пойыз қозғалысын жақсартуға және жүк тасымалы мәселелерін шешуге көмектеседі.

Теңіз көлігін дамыту мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды, бұл порттың өткізу қабілетін жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттырады. Бұл Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын нығайтып, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Транскаспий бағытындағы контейнерлер тасымалы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Қытайдан Еуропаға жеткізілетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар портта тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл оның терминалдық қуаты мен контейнерлерді тасымалдаудың тиімділігін арттырады.