Қазақстан спортшылары алғаш рет толық спорттық киіммен қамтылды

Қазақстан спортшылары алғаш рет толық спорттық киіммен қамтылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа тәсіл аясында ұлттық құрамаларға қысқы және жазғы толық экипировка берілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі ortcom.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда ұлттық құрамалар спортшылары алғаш рет толық спорттық киім жиынтығымен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Жаңартылған тәсілге сәйкес, спортшылар тек жарыс формасымен ғана емес, жаттығу және дайындық кезеңіне арналған барлық қажетті киіммен қамтылады. Бұған дейін қамтамасыз ету ішінара сипатта болған: мысалы, жазғы спорт түрлері тек жаздық киіммен, ал қысқы спорт түрлері тек қыстық киіммен ғана жабдықталатын.

Биыл әрбір спортшыға қысқы және жазғы жиынтықты қамтитын толық кешен ұсынылды. Экипировка халықаралық Under Armour брендімен жасалған келісім аясында жеткізілуде. Жиынтық құрамына 18 түрлі атау кіреді, оның ішінде үш жұп аяқ киім, төрт спорттық костюм, үш жейде, қысқы сыртқы киім және кеудеше бар.

– Мемлекетіміздің үлкен қолдауының арқасында спортшыларға әлемдік брендтің сапалы спорт киімдері беріліп жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш, – дейді дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев. 

Оның айтуынша, бұрын спорт түріне қарай тек маусымдық киім берілсе, қазір барлық спортшылар бірдей толық жиынтықпен қамтылуда, бұл ортақ рухты қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта жаңа форма жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, семсерлесу, шорт-трек және басқа да спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың бірқатарына табысталды. Экипировка бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған.

Министрлік бұл бастама спортшыларға тең жағдай жасап, олардың халықаралық жарыстардағы нәтижелерін арттыруға бағытталғанын атап өтті.