Өнеркәсіп, көлік пен құрылыс Қазақстандағы ЖІӨ өсіміне серпін берді

Өнеркәсіп, көлік пен құрылыс Қазақстандағы ЖІӨ өсіміне серпін берді
Фото: Константин Шелков

Үкімет отырысында ағымдағы жылдың 11 айында елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, негізгі көрсеткіш – жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4 пайызға жеткен. Мемлекет басшысының сапалы экономикалық дамуды қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан экономикасы тұрақты әрі сенімді өсім көрсетіп отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, орнықты даму траекториясына шыққан.

– Біз базалық салаларда өсімнің жеделдегенін көріп отырмыз. Бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды, – деді ол. 

Экономикалық өсімнің басты драйверлері – өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары. Атап айтқанда, өнеркәсіптегі өсім 7,3 пайыздан 7,4 пайызға дейін жеделдесе, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға артты. Сонымен қатар нақты сектордың өзге де салаларында оң динамика байқалады. Көлік саласы 20,3 пайызға, құрылыс 14,7 пайызға өсті, ал сауда көлемі 8,8 пайызға ұлғайды.