Қазақстандық актер Джеки Чанның жаңа фильміне түсті
Sәlem Entertainment жобалары арқылы танылған актер бұл фильмде әрі актер, әрі сценарист ретінде бой көрсетпек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстандық актер және сценарист Рүстем Омаров аты аңызға айналған Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Доспехи Бога» экшн-франшизасының жаңа бөлімі – «Доспехи Бога: Ультиматум» халықаралық киножобасына ресми түрде қосылды.
Sәlem Entertainment медиакомпаниясының жұлдызы Рүстем Омаров фильмде екі негізгі рөл атқарады: ол картинадағы басты кейіпкерлердің бірін сомдап қана қоймай, сценарий жазу тобының құрамына да енген.
– Бала кезімнің кумирі Джеки Чанмен бірге түсетініме өте қуаныштымын, – деді Рүстем Омаров.
Бұл жобадағы Қазақстанның қатысуы тек Омаровпен шектелмейді. Фильмнің режиссері болып Джеки Чанның өзі бекіткен, Disney, Paramount және Universal секілді ірі студиялармен жұмыс істеген қазақстандық экшн-сахналарды қоюшы Роберт Кун тағайындалған.
Түсірілімнің бір бөлігі Қазақстан аумағында өтеді деп жоспарлануда. Бұған дейін Джеки Чан мен Роберт Кун ел аумағындағы түсірілімге қолайлы орындарды қарап шыққан.
Киножобаның түсірілім процесі 2026 жылдың көктемінде басталмақ. Қазіргі уақытта сценарий жұмыстары жүріп жатыр.