Тоқаев қазақстандықтарды Құрылтайдың алғашқы сайлауына қатысуға шақырды

Тоқаев қазақстандықтарды Құрылтайдың алғашқы сайлауына қатысуға шақырды
Фото: aqorda.kz

Алдағы жексенбі күні елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Aqorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жасады. Мемлекет басшысы сайлаудың елдің одан әрі саяси жаңғыруындағы маңызына тоқталып, азаматтық белсенділік пен әрбір дауыстың маңызын атап өтті.

Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент соңғы жылдары елде ауқымды реформалар жүргізіліп, Қазақстанның даму бағдары өзгергенін айтты. Оның сөзінше, Конституцияның күшіне енуі мен жүргізілген саяси өзгерістер жаңа кезеңге негіз қалады. Дегенмен ел алдында әлі де атқарылатын жұмыс көп.

– Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы өтетін уақытты саяси партиялардың дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін алдын ала жариялағанын еске салды. Оның бағалауынша, алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Сайлауалды кезеңде партиялар сайлаушылармен кездесулер өткізіп, үгіт-насихат науқаны, жалпыұлттық теледебаттар және әлеуметтік желілердегі пікірталастар арқылы өз бағдарламаларын таныстырды.

– Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, осының арқасында азаматтар саяси ұйымдардың ел болашағына қатысты ұстанымдарын зерделеп, экономикадан мәдениетке дейінгі түрлі салаларды қамтыған ұсыныстарын бағалауға мүмкіндік алды. Президент сайлауалды науқан елдегі қоғамдық күн тәртібінің өзгергенін де көрсетті деп есептейді. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шығып, тың ұсыныстар айтыла бастаған. Пікірталастарға жастар, кәсіпкерлер және кәсіби қауымдастық өкілдері де белсенді араласқан.

– Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол қоғамдық пікірталасқа белсенді қатысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, халықтың саяси мәдениеті артып келе жатқанын атап өтті. Президент мұны соңғы жылдары жүргізілген реформалардың тікелей нәтижесі деп бағалады. Мемлекет басшысы сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болғанын айтты. Олар дауыс беру күні де сайлау учаскелерінде жұмыс істейді.

– Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде Құрылтай құрамына кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына сенім білдірді. Оның пайымынша, жаңа өкілді орган түрлі көзқарастар мен ел болашағына қатысты бастамалар тоғысатын ортақ алаңға айналуы керек.

– Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Президент халықаралық жағдайға да тоқталды. Геосаяси шиеленіс күшейіп, әлемдік сын-қатерлер көбейген кезеңде Қазақстан таңдаған бағытынан таймай, ұлттық стратегиясын жүзеге асыруы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, түпкі мақсат – Қазақстанды әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына қосу. Алдағы дауыс берудің тарихи маңызына тоқталған Мемлекет басшысы кейбір маңызды шешімдердің шынайы құндылығы уақыт өте келе ғана айқындалатынын айтты.

– Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үндеудің қорытынды бөлігінде Президент сайлауға қатысуды азаматтардың ел тағдырына жауапкершілікпен қарауының көрінісі деп атады. Ол әсіресе жастарды сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырды.

– Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әр азаматтың таңдауы елдің келешегіне ықпал ететінін атап өтті. Алдағы жексенбіде Қазақстанда жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы құрамы сайланып, елдің саяси жүйесіндегі жаңа кезең басталмақ.