Қызыл жалынның куәгерлері: Павлодарлық музейдегі үнсіз естеліктер

Қызыл жалынның куәгерлері: Павлодарлық музейдегі үнсіз естеліктер
Фото: автор

Бір кездері бір жәдігердің бағасы су жаңа үш «Жигулидің» құнына тең болған. Ал бүгінде олар  – тұтас дәуірдің куәсі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әр экспонат – отпен күрестің үнсіз куәгері саналатын музейде әлі күнге дейін өткен ғасырлардың күйік иісі сезіледі. Бұл жерде қызыл жалынмен күрескен азаматтардың жұмысын көрсететін жәдігерлер топтастырылған.

Музей Павлодар өңіріндегі өртпен күрес тарихын баяндайды. Ертіс жағалауында тұз өндірісі қарқын алып, көпестер дәуірі болғаны тарихтан белгілі. Сол кезеңнен бастап, алғашқы өрт сөндіру бекеттерінің құрылып, қызмет ретінде қалыптаса бастады. Осы дәкірді рухани азық ордасындағы жәдігерлер «сөйлетеді».

Мұнда өрт сөндірушінің киімі, 1934 жылғы мотопомпа, мыс өрт сөндіргіш және 1901 жылғы өрттің фотосуреттері сақталған , сол кезде 485 аула жанып кеткен.

Мәдени мекеме он жылдан бері музей мәртебесіне ие. Бұған дейін ол түрлі атаумен аталды: өрт-техникалық көрме, оқыту орталығы. Тек 2014 жылы ҚР ІІМ құрамына өткеннен кейін инспекторлар оқытумен айналысып, ал мекеме толыққанды музейге айналды. 

Мекеме меңгерушісі Гүлнар Сейілханованың айтуынша, мекеменің құрылуына тұрмыстық электрониканың – радиоқабылдағыштар, магнитофондар, техниканың жаппай таралуынан болған өрттердің күрт өсуі себеп болды. 1983 жылы барлық облыстарда өрт-техникалық көрмелер құру туралы қаулы қабылданды.

– Бұл ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, генерал Ағзам Мұхажановтың зейнетке шығуымен тұспа-тұс келді. Ол кезде өрт сөндіру қызметі Ішкі істер министрлігі құрамында болып, «өрт күзеті» деп аталды. Ағзам Мұхажанов өрт сөндіру ісінің тарихына арналған көрмені құру бастамасын көтерді. Алғашқы экспозиция ТЖ басқармасы орналасқан ғимараттың төртінші қабатына орналастырылды. Бірақ, ол жерде экскурсиялар ұйымдастыру үшін келушілерді көлікпен қамтамасыз ету керек болды. Бұл қиындық тудыратын. Сондықтан, тарихи маңызы бар, қолайлы орын іздей бастадық, – дейді музей меңгерушісі Гүлнар Сейілханова.

Таңдау қазіргі «Ертіс» музейінің жанында орналасқан, бұрынғы қалалық өрт сөндіру бөлімшесінің ғимаратына түсті. 1965 жылы өрт мұнарасы құлағаннан кейін бұл орын қараусыз қалған, оған қоса, халық арасында танымал жер болды.

– Музей ғимаратының құрылысы 1987 жылы басталып, 1992 жылы аяқталды. Генерал Ағзам Мұхамеджанов КСРО қалаларын аралап, тәжірибе жинады. Музейді құру үшін ІІМ, Мемлекеттік сақтандыру және ардагерлер ұйымдарынан қаржы бөлінді. Жобаға алғашқы өрт мұнарасын қайта қалпына келтіру де енгізілген болатын, ол тарихи ескерткішке айналуы тиіс еді, – деп еске алады музей меңгерушісі.

Бұл ғимаратта музей 2012 жылға дейін жұмыс істеді, кейін Мәскеу көшесіндегі өрт сөндіру бөлімшесіне көшірілді. Қазір музейге кез келген адам келе алады.

Экспозицияда 356-дан астам жәдігер, 1500-ден астам жазба, медальдар мен марапаттар бар. Құнды жәдігерлер көпестер дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі кезеңдегі тілсіз жаумен күрес тарихын қамтиды. Өрт сөндіру ісінің естеліктерін сақтауға суретшілер, өлкетанушылар, тарихшылар, мүсіншілер атсалысты. Музейде Панко Величконың картиналары, Бота Машраповтың қиялынан туған павлодарлық батыр өрт сөндірушінің мүсіні, тарихи Павлодардың сирек фотосуреттері сақтаулы.  Солардың ішінде 1901 жылғы ірі өртті түсірген Дмитрий Багаевтың суреттері бар.

Жәдігерлер арқылы өртпен күрестің даму жолын көруге болады. Гүлнар Сейілханованың айтуынша, патшалық кезеңде өрт күзеті болмаған. 

Саудагерлер жалдамалы жұмысшыларды жалдап, өртті ат арбамен сөндірген. Әр аулада құдықтар қазылып, қолмен су тартатын сорғылар орнатылған. Дәулетті саудагерлер ғана мұндай техниканы қолдана алған. XIX ғасырда алғашқы өрт сөндіру жабдықтарын өндірушілер пайда болды, кейін арнайы түтіктер шықты.

– Ең көне қол сорғысын біз Абдул-Фаттах Рамазановтың үйінен таптық. Жәдігерлерді саудагерлердің үйлерінен жинадық. Ол кезде қазіргі Астана көшесі сауда орталығы болған, сол жерде өрт сөндіру бөлімшесі құрылды, ал су арбамен тасылды. Павлодар кеңейіп, жағадан алыстай бастады, сонда халық өртпен қалай күресу керектігін ойлай бастады. Әр аулада құдықтар қазылып, қол сорғылар орнатылды. Бұл тұтас жүйе еді, – дейді Гүлнар Сейілханова.

Музей төрінде көзге бірден түсетін ерекше экспонат – XVIII ғасырдың соңынан сыр шертетін үлкен қоңырау. Бұл қарапайым металл бұйым емес, ол — Павлодар өңірінің алғашқы өрт дабылы, үнсіз куәгері.

Сол заманда, қазіргі тарихи аумақтың қарсы бетінде базар мен шіркеу қатар орналасқан еді. Алайда, шіркеу маңындағы мал сою мен ет саудасы діндар қауымның наразылығын туғызып, діни жоралғылардан бас тартуға себеп болды. Қоңырау үнінің қасиетті мағынасы базардың дабырынан көмескіленіп, біраз уақыт үнсіз қалды.

Бірақ уақыт өз дегенін жасады. Қоғамдық қажеттілік пен қауіпсіздік мүддесі бұл қоңырауға жаңа міндет жүктеді. Ол енді діни емес, азаматтық қызметке көшті –  өрт шыққан сәтте дабыл қағылып, жұртты сақтандырудың басты құралына айналды. Бүгінде бұл қоңырау музейде үнсіз тұрса да, оның әрбір сызаты мен салмағы өткеннің дабылын жеткізіп тұрғандай.  

1885 жылғы өрттен кейін, тұз қоймалары өртке орынған кезде Карл Маркс көшесінде (қазіргі Е.Бекмаханов) су өлшеу бекетін салу туралы шешім қабылданды. Кейін бұл жерде алғашқы өрт бөлімшесі де пайда болды. Шіркеу бұзылып, қоңырау мұнараға берілді. 1881 жылдан бастап ол хабарлау құралы ретінде қолданылды. 

Музейдің бір бөлмесінде ерекше назар аудартатын жәдігер бар, ол – көпқабатты үйдің шағын макеті. Бұл жай ғана үлгі емес – өрт қауіпсіздігі мен құтқару шараларын көзбен көріп, сезінуге мүмкіндік беретін көрнекі құрал. Макет арқылы өрттің қалай басталатыны, түтіннің қалай таралатыны және ең бастысы, адамдарға қалай аман шығу керектігі нақты көрсетіледі. 

– Бұл макет Свердловск қаласынан арнайы жеткізілген. Өрт қауіпсіздігі саласының ардагері Ағзам Мұхажанов сол жақтағы өрт-техникалық орталыққа өзі барып, тұрғын үйдің макетін арнайы тапсырыспен жасатқан. Әр пәтер – шағын, бірақ шынайы. Жертөлелер мен баспалдақтар, түтіннің қозғалыс бағыты – бәрі де нақты жағдайға негізделген. Бұл макет тек көрнекілік емес, ол – өмір мен өлім арасындағы таңдауды үйрететін құрал, – дейді музей меңгерушісі.

Сол кезде бір макеттің бағасы үш-төрт «Жигулидің» құнына тең болған.  Ал Павлодардағы Суворов көшесінде орналасқан биік ғимараттың макетін жергілікті жобалау институты жасап шыққан. 

Бұл макеттер музейдің тыныс-тіршілігіне жан бітіріп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады. 

Музейде Дмитрий Багаевтың түпнұсқа фотосуреттері, Панко Величко қағазға жазып алған өрт сөндірушілердің естеліктері сақталған. Суретші өрт қызметінің қалыптасуының куәгерлері болған азаматтардың үйлеріне барып, әңгімелер бойынша линогравюралар жасаған.

Ғимарат жәдігерлерді сақтау үшін тар. Өйткені, қоймаларда өз кезегін күтіп жатқан экспонаттар жетерлік. Олардың қатарында өрттің алдын алу тақырыбындағы бірегей кинотека бар. Жүздеген қысқаметражды фильмдер мен екі киноқондырғы жұлдызды сәтін күтіп отыр. Бұл жазбалар бірнеше бөлікке бөлінген бобиналарда сақталған. Кеңес дәуірінде бұл фильмдер Павлодардың кинотеатрларында сеанс алдында көрсетілген.

Музейге жеке ғимарат бөлу мәселесі бірнеше рет көтерілген. Бұған дейін Усолка шағын ауданында болашақ өрт сөндіру бөлімінің жанынан бір қабатты музей ғимаратының жобасы да жасалған.