Кенжекөлде бүлдіршіндер Наурызды ұлттық дәстүрмен қарсы алды

Кенжекөлде бүлдіршіндер Наурызды ұлттық дәстүрмен қарсы алды
Фото: ұйымдастырушылардан

Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылындағы №20 сәбилер бақшасында Наурыз мейрамына арналған этно-мәдени мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлыстың ұлы күніне орай өткен шарада қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды. Мерекелік бағдарлама аясында этноауыл құрылып, киіз үй тігіліп, қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен қолөнер бұйымдары таныстырылды.

– Сонымен қатар «Дәстүрлер фестивалі» аясында бүрім салу, тоқым қағар, бесікке бөлеу сияқты ұлттық дәстүрлер сахналық көрініс ретінде көрерменге ұсынылды. Бағдарламада ұлттық ойындар да қамтылып, қонақтар арқан тарту, қол күрес және асық ату секілді ойындарға қатысты, – деді балабақша басшысы Әсемгүл Мұқашева.

Мереке барысында келген қонақтарға Наурыз көже, ыстық бауырсақ және палау ұсынылды. Сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілері, тәрбиешілер мен ата-аналардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтіп, ұлттық әндер мен билер, театрландырылған қойылымдар көрсетілді.

Әсемгүл Мұкашева мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.

– Наурыз мерекесін атап өту арқылы біз балаларға ұлттық салт-дәстүрімізді таныстырып, олардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіруге тырысамыз, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мерекелік бағдарламалар жас ұрпақтың ұлттық мәдени мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған.