Павлодарда Ұлттық спорт күніне арналған облыстық спартакиада өтті
Өңір оқушылары асық ату мен бес асықтан сынға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

20 наурыз күні Павлодар қаласындағы №48 жалпы орта білім беру мектебінің базасында зияткерлік және ұлттық спорт түрлерін ұштастырған «Ұлттық мектеп лигасы» II облыстық спартакиадасы ұйымдастырылды. Ұлттық ойындарға арналған жарыс спорттық бәсекемен шектелмей, ұлттың болмысы мен дәстүрін танытқан тағылымды шараға айналды.
Сайыс алаңына 5–6 және 7–8-сынып оқушылары шығып, қазақ халқының көне әрі мазмұны терең ойындары – асық ату мен бес асық бойынша шеберліктерін көрсетті. Жарыстың жоғары деңгейде өтуі қатысушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық спортқа деген құрмет пен жауапкершілікті де айқын аңғартты.
– Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жарыстар жас ұрпақтың ептілігі мен мергендігін шыңдап қана қоймай, ата-бабадан мирас болған мәдени мұраға деген ықыласын арттырады. Әсіресе, асық ойындары арқылы балалар дәлдікке, сабырлылыққа, жеңіске деген жігерге тәрбиеленеді, – дейді АОТДТО басшысы Бахтияр Тусупов.

Ведомствода атап өткендей, өңірде бүгінде 10 мыңға жуық оқушы ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысады. Бұл көрсеткіш балалар мен жасөспірімдердің дәстүрлі ойындарға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Осы бағыттағы жұмыстар ұлттық спортты дамыту мен жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға жүйелі түрде ықпал етіп отырғаны атап өтілді.
Іс-шара Наурызнама онкүндігі аясында облыстық білім беру мекемелерінде ұйымдастырылды.
Фотосуреттерді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі ұсынды