Май ауданының тұрғыны мотоциклынан айырылды
Себебі оның бұған дейін жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде мас күйде көлік тізгіндейтіндер мен жүргізу құқығы жоқ әуесқойлардың саны азаймай тұр. Мәселен, жыл басынан бері көлік құралын басқару құқығы жоқ және құжатсыз жүргізген тұлғаларға қатысты шамамен 2000-ға жуық дерек анықталған.
– Мысалы, Атамекен – Курчатов автожолын патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары Sonlik маркалы мотоциклді тоқтатты. Оны Май ауданының тұрғыны басқарған. Құжаттарын тексеру барысында оның 2023 жылдың наурыз айында мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жылға жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал толтырылып, сотқа жолданды. Ал мотоцикл айыппұл тұрағына қойылды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
«Заң мен тәртіп» қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.
Тәртіп сақшылары кез келген құқық бұзушы өз әрекеті үшін міндетті түрде жауапқа тартылатынын ескертеді.