Павлодарда аллергиялық ринитке шалдыққан балалар саны көбейді
Алғашқы белгілер көктемде күшейеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көктем-жаз мезгілінде дәрігердің көмегіне кішкентай науқастар жүгінеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллергологы Рауза Джекесованың айтуынша, маусымдық аллергия түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің қышуы мен қызаруы, жөтел, тіпті тұншығу ұстамалары түрінде байқалады.
- Біздің өңірде барлық маусымдарды «агрессивті» деп айтуға болады. Себебі, ауа райы көбіне желді және құрғақ. Қазіргі уақытта өңірде аллергияның бірінші кезеңі - көктемгі маусым. Бұл кезде қайың, үйеңкі, терек секілді ағаштардың тозаңы таралады, - дейді ол.
Қазақстанда аллергиялық ринитке шалдыққандар саны артып келеді. Мәселен, 1990 жылы ересектер арасында бұл көрсеткіш 6%, балалар арасында 9% болса, 2023 жылы ересектерде 11%-ға, балаларда 17,4%-ға дейін өскен.
Павлодар облысында алғаш анықталған аллергиялық ринит жағдайлары да көбейген. 2024 жылы 676 бала тіркелсе, 2025 жылы 730 бала есепке алынған.
- Бүгінгі таңда қабылдауыма 14 адам келді, олардың 10-ы алғаш рет анықталған аллергиялық ринит болды. Бірақ бұл күн сайын дәл осылай болады дегенді білдірмейді, - дейді дәрігер.
Рауза Джекесованың айтуынша, аллергияны дер кезінде емдемесе, бронхиалды демікпеге ұласуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, синусит, отит, есту қабілетінің төмендеуі және мұрын жұтқыншақтағы политтер секілді асқынулар кездеседі.
Аллергияны анықтау үшін тері сынамасы мен қан талдауы жасалады. Қазір мамандар қан арқылы тексеру әдісіне жиі жүгінеді. Себебі, бұл әдіс кез келген жаста, аурудың кез келген кезеңінде жасалады.
- Аллергияны толық жазып жіберу әрдайым мүмкін емес, бірақ оны толық бақылауға болады. Дұрыс ем мен бақылау болса, адам қалыпты өмір сүре алады, - дейді Рауза Джекесова.
Емдеудің негізгі тәсілдері - аллергиямен байланысты шектеу, антигистаминдік дәрілер мен мұрынға арналған спрейлер қолдану, сондай-ақ арнайы иммунотерапия жүргізу.