Аралды құтқару: Төрт маңызды құжатқа қол қойылды
Соңғы 3 жылда қорға Қазақстан төрағалық еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларына саммитке қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі кездесу өңірді орнықты дамыту қағидаттарына, прагматикалық және өзара келісілген экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бейіл екенімізді растайды. Осы жиында Қордың даму перспективасын талқылап, Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтауды көздейтін ортақ шешімдерді айқындаймыз. Бұл кең ауқымдағы халықаралық мәселе болғандықтан, біздің жұмысымызға көптеген мемлекеттер, халықаралық ұйымдар назар аударып отыр. Аралды құтқару мәселесі көп жылдар бойы аймақта да, әлемде де айтылып келеді. Өңірдің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өркендету – ортақ әрі қол жеткізуге болатын міндет. Аталған басқосу ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беріп, аймақ мемлекеттеріне пайдасын тигізеді деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент су саласын цифрландыруды, соның ішінде Сырдария мен Әмудария бассейндерінде мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізуді басты міндет ретінде атады. Сөз соңында Президент Арал тағдыры – аймақ елдеріне төнген зор экологиялық қауіп-қатер ғана емес, нақты нәтижеге жету жолындағы әрекеттердің сыналар шағы екенін айтты.
Саммит қорытындысы бойынша құрылтайшы мемлекеттердің шешімі шығып, Астана мәлімдемесі қабылданды. Бас-аяғы 4 маңызды құжатқа қол қойылды.