Министр павлодарлық ақ халатты абзал жандардың қызметін бағалады
Павлодар облысында негізгі көрсеткіштер жақсарғанымен, өлім-жітім құрылымында теңгерімсіздік анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Павлодар облысына жұмыс сапары өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің екіжақты жағдайын көрсетті: негізгі көрсеткіштер жақсарғанымен, жүйелі мәселелер сақталып отыр. Облыстық әкімдікте өңір басшысы Асайын Байханов бастаған медицина жұртшылығы қатысқан үлкен кеңес өтті.
Министрлік өкілі Самал Сауырованың мәліметінше, өңірде бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, нәресте өлімі 14%-ға, жарақаттан болатын өлім 25%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім 40%-ға, ал қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім шамамен 19,5%-ға төмендеген.
Сонымен қатар, жалпы өлім-жітім деңгейі жоғары болып қалып отыр — 1000 адамға шаққанда 9,42, бұл республикалық көрсеткіштен 59%-ға жоғары. Бұған қоса, ас қорыту жүйесі ауруларынан өлім 81%-ға, тыныс алу жүйесінен 26%-ға, жүйке жүйесі ауруларынан 25%-ға өскен. Министрлік бұл жағдайды алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейіндегі диагностика мен статистикадағы кемшіліктермен байланыстырады.
Өңірде сырқаттанушылық көрсеткіштері де республикалық деңгейден жоғары. Туберкулез бойынша көрсеткіш 33%-ға артық, ал қайталанған жағдайлар үлесі өсуде. Балалар арасында профилактикалық еммен қамту жеткіліксіз.

Кадр тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Орта буын медицина қызметкерлерімен қамтылу шамамен 85%-ды құрайды. Әсіресе акушер-гинекологтар, невропатологтар және балалар дәрігерлері жетіспейді. Бұл мәселе ауылдық жерлерде айқын сезіледі.
Сонымен қатар, бірқатар медициналық ұйымдарда алғашқы медициналық көмек стандарттарының сақталмауы және пациенттерді бағыттау жүйесіндегі кемшіліктер анықталған.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов проблемаларды мойындай отырып, олардың бір бөлігі халықтың қартаюы мен жастардың көші-қонымен байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде медицина кадрларын тарту үшін көтермеақы төлеу және тұрғын үй беру шаралары қабылданып жатыр, алайда кадр тұрақтылығы әлі де төмен.
Әкімнің айтуынша, жалпы өлім-жітімнің жоғары болуының негізгі себептерінің бірі — халықтың қартаюы
- Жыл сайын егде жастағы тұрғындар үлесінің артуы өлім-жітім көрсеткішіне әсер ететіні заңды. Бұл тек денсаулық сақтау жүйесінің шараларымен тез шешілетін мәселе емес. Бізде кадрлардың, соның ішінде білікті мамандардың да кетуі байқалады. Қоныс аудару бағдарламалары бұл үдерісті ішінара ғана өтейді, - деді ол.
Кадр тапшылығы бойынша өңірде нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты. Әкімнің сөзіне қарағанда, көтермеақы төленеді, тұрғын үй беріледі, медициналық білім беру инфрақұрылымы дамытылуда. Сонымен қатар ол өңірдің аумақтық ерекшелігіне назар аударды.
- Облыс тұрғындарының 70%-дан астамы қалада тұрады. Ал ауылдар шағын — көбінде 200–300 адам ғана. Мұндай жағдайда барлық елді мекенді тар бейінді мамандармен қамту қиын, - дейді әкім.
Өз кезегінде министр Ақмарал Әлназарова өңірдің денсаулық сақтау жүйесін «динамикалық дамып келе жатқан» деп бағалап, оң өзгерістер бар екенін айтты. Сонымен бірге медициналық қызмет сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.

Министр сондай-ақ Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін, бұл ТМД елдері арасында алғаш қабылданған заң екенін еске салды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар анықталған мәселелерді бірлесіп шешу және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты күшейтуге келісті.