Павлодардағы ауыл мектептерінің оқушылары еліміздің үздік мектептеріне жолдама алады
Өңірде ұлттық зияткерлік «Мың бала» олимпиадасының екінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Олимпиада ауылдық жерлердегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған.
Аталмыш байқау жыл сайын ауыл мектептерінің алтыншы сынып оқушылары арасында өткізіледі және төрт пәнді қамтиды. Мұнда қазақ тілі, математика, жаратылыстану және ағылшын тілі бар. Тапсырмаларды орындауға 150 минут беріледі. Биыл тесттің бес нұсқасы болғанын айта кеткен жөн.

Осы жылы байқауға Павлодар облысынан үш мыңнан астам оқушы қатысты. Олардың 1 389-ы алғашқы кезеңнен сәтті өтсе, 94 оқушы екінші турға жолдама алды. Ең белсенді қатысушылар Екібастұз (17) бен Май ауданының (14) оқушылары болды.
Май ауданы Ақжар орта мектебінің алтыншы сынып оқушысы Ажар Әділетқызы тапсырмалардың әртүрлі деңгейде болғанын айтты.
– Математикада логикалық сұрақтар мен күрделі есептер көп болды. Қазақ тілі мен ағылшын тілі жеңілірек, ал жаратылыстану пәні қиындау болды. Ең көп сұрақ математикадан – 40, қалған пәндерде 20 сұрақтан болды, – деді ол.
Олимпиадаға дайындыққа оқушы бірнеше апта арнап, көбіне өз бетінше дайындалған. Болашақта ол анасы сияқты дәрігер болуды армандайды.
Ертіс ауданының №3 мектептің алтыншы сынып оқушысы Айлин-Ләйлә Садвакасова турлар арасындағы айырмашылық пен тапсырмаларды орындау стратегиясымен бөлісті.
– Бірінші турда логикалық есептер басым болса, екінші турда математикалық формулаларға негізделген тапсырмалар көп болды. Мен алдымен өзім сенімді болған сұрақтарды орындап, уақытты үнемдедім. Кейін орыс және ағылшын тіліндегі тапсырмаларға кірістім. Олимпиада жаңа нәрсе үйренуге жақсы мүмкіндік берді, – дейді оқушы.
Қыздың дайындығында ұстаздары мен ата-анасы да үлкен рөл атқарған.
– Менің анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрине, ол маған көп көмектесті. Әкем – полицей, ол моральдық қолдау көрсетті. Мен де болашақта оның жолын жалғап, қоғамдық тәртіпті сақтағым келеді, – деді ол.
Ертіс ауданының №3 мектебінің мұғалімі Лаура Тілеуленованың айтуынша, олимпиада үлкен дайындық пен өз бетінше дайындықты талап етеді.
– Тапсырмалар қиын болды, әсіресе математикадан. Айлин-Ләйлә өз бетімен дайындалды, біз тек кеңес беріп, қиын тақырыптарды түсіндірдік. Ол қосымша тапсырмалар алып, үйде көп жұмыс істеді. Оның екінші турға өтуіне табандылығы себеп болды, – деді ұстаз.

Ұлттық интеллектуалдық «Мың бала» олимпиадасы 2020 жылдан бері Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қорының бірлесуімен өткізіліп келеді. Осы байқаудың арқасында үш мыңнан астам ауыл оқушысы білім гранттарын иеленген, оның 261-і Павлодар облысынан.
Жеңімпаздар дарынды балаларға арналған арнайы мектептерге, соның ішінде республикалық физика-математика мектебіне және дарынды ұлдар мен қыздарға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаттарына түсу мүмкіндігіне ие болады.
Екінші турдың қорытындысы мамыр айының ортасында белгілі болады.