Павлодарлық жас ақындар екібастұздықтарды жырымен тәнті етті
«Өлең – өмірдің айнасы» атты әдеби кездесуге Алпысбай Әбділұлы мен Айбек Оралхан қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шара Екібастұз қаласындағы «Өнер» қалалық мәдениет орталығында С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Кітап және қаламгер» жобасы аясында «Өлең – өмірдің айнасы» атты әдеби кездесу ұйымдастырылды. Оған ақын-сатирик, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алтын қалам - 2020» әдеби сыйлығының лауреаты Алпысбай Әбділұлы және ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Айбек Оралхан қатысты.
- «Кітап және қаламгер» жобасы кітап оқудың беделін қолдауға, Ертіс өңірі тұрғындарының мәдени және оқырмандық ой-өрісін кеңейтуге, жергілікті қоғамдастық алдында кітапхана мен оқуды насихаттауға мүдделі мекемелер және ұйымдармен тұрақты байланыстарды дамытуға бағытталған, - делінген хабарламада.
Жас жазушылар өз шығармашылықтары жайлы айтып, өлеңдерін оқыды. Авторлар мен оқырмандар арасында мазмұнды әңгіме құрылды. Жазушылардың шығармашылық қалыптасуы туралы көптеген сұрақтар қойылды. Мұндай кездесулер өскелең ұрпақты өз пікірін білдіруге, әдебиетке деген сүйіспеншілікті оятуға, сондай-ақ жастардың моральдық-адамгершілік тәрбиесіне ықпал етуге үйретеді.
Бұл іс-шараға Екібастұз қаласының шығармашылық зиялы қауымы, колледж және мектеп оқушылары, педагогтер, жалпы әдебиет сүйер қауым қатысты.