1 қазанда Павлодар облысында тұмауға қарсы жаппай вакциналау басталады
Тұрғындар тіркелген жері бойынша емханаларда тұмауға қарсы екпе ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірге 90 мың доза сатып алынды. Қауіп тобына кіретін адамдар – жабық мекемелердің, интернаттардың оқушылары, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар мен мүгедектер үйлерінің пациенттері, медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған созылмалы аурулары бар адамдар вакцинаны тегін алады.
– Барлық ниет білдірушілер үшін жаппай вакциналау ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап тіркелген жері бойынша емханаларда басталады. ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы жақындап келеді. Маусымдық тұмау – бүкіл әлемде таралатын тұмау вирустары тудыратын жедел респираторлық инфекция. Жоғары температура, жөтел (әдетте құрғақ), бас ауруы, бұлшықет ауруы және буын ауруы, қатты әлсіздік, тамақ ауруы және мұрыннан су ағу сияқты белгілермен сипатталады, – дейді департаментте.
Мамандардың айтуынша, маусымдық тұмау әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде, соның ішінде мектептер мен интернаттарда тез және оңай таралады. Жұқтырған адам жөтелгенде немесе түшкіргенде құрамында вирус (жұқпалы тамшылар) бар ұсақ тамшылар ауада бір метрге дейін таралып, жақын маңдағы адамдарға жұқтыруы мүмкін. Инфекция тұмау вирустарымен ластанған қолдар арқылы да берілуі ықтимал.
Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. 60 жылдан астам уақыт бойы қауіпсіз және тиімді вакциналар қолданылып келеді. Вакциналаудан кейін біраз уақытқа иммунитет әлсірейді, сондықтан тұмаудан қорғану үшін жыл сайынғы вакциналау ұсынылады.
Айта кетерлігі, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұжымы тұмауға қарсы үш валентті «Гриппол» вакцинасын алды.