Павлодарда жол қозғалысына бақылау күшейді

Павлодарда жол қозғалысына бақылау күшейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

24 сағат ішінде онға жуық мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері шамамен 900 құқықбұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 364-і жол қозғалысы ережелерін бұзу болса, 8 жағдай — көлікті мас күйде басқарған.

– Жол қозғалысы ережелерін сақтау — жай формалдылық емес, бұл сіздің қауіпсіздігіңіздің кепілі. Біз рейдтік шараларды тәулік бойы жалғастырамыз. Әрбір жол қозғалысына қатысушы  жолдағы тәртіп жеке жауапкершіліктен басталатынын түсінуі тиіс. Барлық жүргізушілерді қатаң тәртіпке шақырамыз. Мас күйде рульге отыру арқылы сіз тек өз өміріңізді ғана емес, жазықсыз адамдардың өмірін де қауіпке тігесіз. Жол қателікті кешірмейді, ал заң мұндай құқықбұзушыларға барынша қатаң қолданылады, – деді полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушінің бірін тәртіп сақшылар Павлодар қаласының көшелерін патрульдеу кезінде анықтады.  Полицейлер KIA автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің іс әрекетінен күдіктенеді. Кейін оның мас күйде екені медициналық сараптама арқылы расталды әрі есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылып, жүргізушіге қатысты материал сотқа жолданды.