Екібастұзда некені тіркеу дәстүрі қайта жаңғырады

Қазіргі таңда неке тіркеу залы мәдениет сарайында орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Асылбек Сапарбектің мәліметінше, 2024 жылы облыс бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңғыртылды және некені тіркеу үшін салтанатты залдары ашылды. Бірақ бұл жаңалықтар Екібастұз қаласына биыл ғана енгізілмек.
– Екібастұзда әзірге неке тіркеу арнайы залы жоқ. Тұрғындар өз некелерін тіркеуге «Өнер» мәдениет сарайына келіп жүр. Біз осы жылы арнайы залды қала орталығына, саябақтарға жақынырақ көшірсек деп тұрмыз. Адамдар бұрынғыдай келіп, қол қойып, суретке түсуі үшін некені тіркеу дәстүрін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті директор.
Асылбек Сапарбек жақын арада Екібастұзда супер ХҚКО ашылатынын хабарлады.
– Онда барлық мемлекеттік органдардың мамандары отырып, халыққа қызмет көрсетеді. Көмек көрсеткен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне үлкен алғысымызды білдіреміз, –деді спикер.
Павлодарда супер ХҚКО генерал Дүйсенов, 80 көшесінде ашылады.
Қазіргі таңда Павлодар, Екібастұз, Ақсу және Шарбақты ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңғыртудан өтті. Өткен жылдың ішінде облыс орталығында бір жылда – 260 мың, Екібастұзда – 122 мың, Ақсуда – 54 мың, Шарбақтыда 8 мың қызмет көрсетілді. Олардың ең танымалдары: электрондық цифрлық қолтаңбаны алу, меншік құқығын тіркеу, төлқұжаттар мен жеке куәліктерді алу, неке тіркеу.