Павлодар облысында зардап шеккен шаруашылықтарға бес бағыт бойынша көмек көрсетіледі

Павлодар облысында  зардап шеккен шаруашылықтарға бес бағыт бойынша көмек көрсетіледі
Фото: Константин Шелков

Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде жем-шөп қоры құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Шаруашылықтарға  көмек көрсету бойынша бастапқы төрт бағыт шешілді. Енді қалған соңғы бесінші тапсырманы әкімдермен кездесе отырып шешіңіздер, – деді облыс әкімі Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде.  

Аймақ басшысы биыл құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға бес бағыт бойынша көмек берілетінін атап өтті. Нақтырақ айтатын болсақ:

  • 3 миллиард теңге жергілікті бюджеттен жем-шөпті арзандату бағытына бөлінді. Бұл қаражаттың толықтай 2 миллиарды игеріліп, 1500 мыңға жуық шаруа арзандатылған жем-шөппен қамтамасыз етілді. 
  • Бюджеттен зардап шеккен шаруашылықтарға 38 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай отыны бөлінді. 
  • 6,2 миллиард теңге бюджеттен 2021-22 жылғы қарыздарды, инвистициялық субсидиялар бойынша, басқа да түрлі субсидиялардың қарыздарын өтеу үшін бөлінді. 
  • Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде жем-шөп қоры құрылды. Ол жерде бес мың тонна жем-шөп сақталуда. Бұл жем-шөп қорына 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
  • «ҚазАгро» холдингі мен ауыл шаруашылығы басқармасы бірлесіп, зардап шеккен шаруалардың несиелерін қарастыруда. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаевтың айтуынша, бүгінгі таңда бір миллиард 100 тонна шөп дайындалды. Бұл керек шөп мөлшерінің 92 пайызын құрайды. Ал қысқа дайын болу үшін керек шөп мөлшері бір миллиард 215 мың тоннаны құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, Ертістегі су деңгейінің төмен болуына байланысты жайылым су тапшылығына тап болған. Облыс бойынша ең көп зардап шеккен аудандар – Май, Павлодар, Аққулы.