2026 жылы Қазақстанда АЕК өсуіне байланысты айыппұлдар да қымбаттайды
Келер жылы Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш мөлшері 4 325 теңгені (2025 жылы – 3 932 теңге) құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаржы министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады. Құжат Үкімет құрылымдары тарапынан мақұлданып, қазіргі уақытта Парламенттің қарауына енгізілген. Бюджет жобасында ең төменгі жалақы, зейнетақы төлемдері, күнкөріс деңгейі және айлық есептік көрсеткіш секілді негізгі әлеуметтік-экономикалық параметрлер көрсетілген. Әзірге бұл көрсеткіштер жоба ретінде ұсынылғанымен, тәжірибе көрсеткендей, олар түпкілікті бекітілген нұсқада көп жағдайда өзгеріссіз қалады.
2025 жылдың басында бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қазақстанда жиі кездесетін он түрлі құқық бұзушылықты атаған болатын. Жаңа АЕК мөлшеріне сәйкес, бұл айыппұлдардың көлемі төмендегідей өзгереді:
• белгіленген жылдамдықты арттырғаны үшін – 5 АЕК, яғни 21 625 теңге;
• жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын сақтамау – 3 АЕК немесе 12 975 теңге;
• көлік құралын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзу – 5 АЕК, 21 625 теңге;
• жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы – 2 АЕК немесе 8 650 теңге;
• көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу – 5 АЕК, 21 625 теңге;
• жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпау немесе мотошлемсіз жүру – 5 АЕК, 21 625 теңге;
• бағдаршамның қызыл түсіне өту – 10 АЕК немесе 43 250 теңге;
• қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде жүру – 5 АЕК, 21 625 теңге;
• ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластау – 10 АЕК немесе 43 250 теңге;
• міндетті сақтандыру саласындағы заңнаманы бұзу – заңды тұлғалар үшін 300 АЕК, яғни 1 297 500 теңге.
Айта кетейік, айыппұлды ресми тіркелген күннен бастап бір апта ішінде төлеген жағдайда, оның сомасы 50 пайызға дейін қысқарады.