2027 жылдан бастап Мысырға виза рәсімдеу 39 долларға дейін қымбаттайды

2027 жылдан бастап Мысырға виза рәсімдеу 39 долларға дейін қымбаттайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мысыр шетел азаматтарының елге кіруіне байланысты визалық алымдар мен қызмет ақысын төлеу тәртібін қайта қарайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Мысырға бір реттік кіру визасының базалық құны 3 долларға (1 344 теңге) өсіп, 30 доллардан (13 436 теңге) 33 долларға (14 779 теңге) дейін қымбаттайды.

Бұл туралы Мысырдың Akhbar Al-Youm басылымы елдің Туристік компаниялар мен агенттіктер палатасы таратқан ресми нұсқауға сілтеме жасап хабарлады.

Бұған қоса туристерден қызмет көрсету және құжат рәсімдеу үшін 6 доллар (2 687 теңге), сондай-ақ банк комиссиясы мен салықтар алынады. Осылайша бір реттік визаның жалпы құны 39 долларға (17 466 теңгені) жетеді.

Транзиттік визаны рәсімдеу алымы да 3 долларға (1 344 теңге) өседі. Алайда оның нақты қанша болатыны хабарламада көрсетілмеген.

Мысыр үкіметі тарифтерді қайта қарау туралы шешімді 2026 жылғы 13 тамызда қабылдаған. Бұл өзгерістердің егжей-тегжейі туристік нарық өкілдеріне жолданған Туристік компаниялар мен агенттіктер палатасының №173 ресми нұсқауында көрсетілген.

Палата туристік компанияларға жаңа тарифтерді ескеріп, шетелдік серіктестері мен саяхатшыларға өзгерістер туралы ақпарат беруді тапсырды.