Аққулыдағы жол бойы кешені құтқарушылар игілігіне берілді

Аққулыдағы жол бойы кешені құтқарушылар игілігіне берілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жеті жылдан бері пайдаланылмаған кешен жаңа мақсатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданындағы бұрын пайдаланусыз тұрған жол бойы кешені енді Төтенше жағдайлар қызметінің қажеттілігіне жарауда. 2018 жылы республикалық Омбы – Майқапшағай тас жолы бойында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қаражаты есебінен салынған нысан осы уақытқа дейін нақты мақсатта қолданылмаған болатын.

Аудан әкімі Руслан Мұқановтың айтуынша, биыл кешен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің балансына берілген.

– Биыл ғимарат Төтенше жағдайлар министрлігінің қарауына өтті. Көктемде министрдің өзі келіп көрді. Нысанда сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай қайта жабдықталды. Қазіргі таңда мұнда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, өрт сөндіру бөлімі және апаттар медицинасы қызметі орналасқан. Заманауи техникамен толық қамтылған, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, алдағы уақытта аудан аумағында жаңа инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы «Petro retail» ЖШС тарапынан жол бойындағы көпфункционалды кешен салу көзделген. Жоба құрамына жанармай құю станциясы, газ құю бекеті, техникалық қызмет көрсету орталығы, дүкен және кафе кіреді.

Айта кету керек, Аққулы ауданында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 130,1 пайызға артса, бөлшек сауда айналымы 100,2 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 28 миллиард теңгеден асты. Құрылыс жұмыстары тоғыз миллиард теңгеге орындалып, бес мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге аудан экономикасына шамамен сегіз миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған.