Ақсу қаласы Қызылжар ауылы туралы кітап жарық көрді
«Қызылжар – құт мекен» кітабының авторы жергілікті тұрғын Аманжол Әсенқызы, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл – қаламгердің екінші кітабы. Осыған дейін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай соғыс ардагері Сембай Теміршотұлына арналған «Ардагер аманаты» атты кітабы жарық көрген.
– Негізгі мақсатым – балалардың дарыны мен талантын дамыту. Бүгінде өлең жазатын шәкірттерім облыстық, республикалық деңгейде үздіктердің қатарында көрініп жүр. Шығармашылықпен айналысуға ауыл тұрғындарының тарихы мен еңбек, соғыс ардагерлерінің өмір деректері түрткі болды. Биыл ауылдың алпыс жылдығына орай «60 шара» деген жоба ұйымдастырдық, – дейді Аманжол Әсенқызы.
Автордың айтуынша, тарихи кітапта 200-ден астам адамның өмір дерегі, жасаған қызметі, алған марапаттары, қоғамда болған оқиғалар қамтылған.
150 дана болып шыққан «Қызылжар – құт мекен» кітабы ауылдық кітапханалар мен музейлерге, сыйлы қонақтарға табыс етілген.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог зерттеуші Аманжол Әсенқызы этнографиялық мұражайдың жетекшісі. 40 жыл педагогика саласында еңбек етіп келеді.
Естеріңізге сала кетейік, Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылының 60 жылдық мерейтойына орай 25 киіз үй тігіліп, мерекелік шара ұйымдастырылды. Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов ауылдық аймақтың әкімдігіне 30 миллион теңгелік сертификат табыс етті.