Павлодар облысында қызылша жұқтыру дерегі алаңдаушылық тудырып отыр

Павлодар облысында қызылша жұқтыру дерегі алаңдаушылық тудырып отыр

Бүгінгі таңда қызылша жұқтырған екі бала Қарағанды қаласының ауруханасында ем алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz 

Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше,  балалардың бірі  бұл аурурды Алматыдан  жұқтырып келген.  

Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай алаңдаушылық тудырып отыр.  Қазақстан бойынша бұл аурудың өршуі байқалуда. Бүгінгі таңда облыста қызылшаның екі жағдайы тіркелді, – дейді облыстық департаменттің жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова.

Оның айтуынша, қызылша ауруының өршіп кетуінің бірден-бір себебі –  вакцина салдырмау.  Өңір тұрғындарының 95 % вакцина алғанымен қалған 5% қызылша жұқтырып алу ықтималдығы жоғары. 

Жуырда Павлодар қаласында қызылшамен ауырған баланың жағдайы жақсарған.

Алматыдан жұқтырып алған баланың жағдайы тұрақты, стационарлық ем алуда. Жуық арада ауруханадан шығарылады, – дейді департаментте. 

Айта кетерлігі, жыл басынан бері қызылша жұқтыруы мүмкін деген тоғыз адам тіркелсе, оның ішінен тек екі жағдайы расталған. Ал былтыр облыста қызылша ауруының тек бір жағдайы тіркелген еді. Биыл қызылшаға қарсы барлығы 5088 адам екпе алған, 6396 адам ревакцинацияланды.

Фото: Константин Шелков