Ақсу колледжінде студенттер зорлық-зомбылыққа қарсы азаматтық ұстанымын білдірді

Ақсу колледжінде студенттер зорлық-зомбылыққа қарсы азаматтық ұстанымын білдірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер ұйымдастырған кездесуде сталкинг қаупіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» ұлттық науқаны аясында Ақсу полиция бөлімінің инспекторлары Жаяу Мұса атындағы көпсалалы колледждің студент қыздарымен тақырыптық кездесу өткізді. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.

– Кездесу барысында полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлерін және заң бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілікті кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар қудалау (сталкинг) қаупіне ерекше назар аударылды. Студенттер дағдарыстық жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдары мен психологиялық әрі құқықтық көмекке жүгіну тетіктері туралы ақпарат алды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Инспекторлар өзара құрмет пен сенімге негізделген салауатты қарым-қатынас құрудың маңыздылығын да атап өтті.

Кездесудің практикалық бөлігінде студенттер шығармашылық форматта белсенділік танытты. Қыздар «Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын!» ұранымен тақырыптық плакаттар әзірлеп, өз азаматтық ұстанымдарын көрсетті.

Ақсу қаласындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор Бақыт Дюсембекова атап өткендей, әрбір жұмыс бірлік пен мейірімділіктің, сондай-ақ жастардың қатыгездік пен агрессиясыз қоғам құруға деген ұмтылысының айқын көрінісі болды.