Ақсуда қоғамдық көлік маршруттарының желісі оңтайландырылды

Ақсуда қоғамдық көлік маршруттарының желісі оңтайландырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тиімсіз маршруттар анықталып, жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласының әкімдігі 1-26 наруыз аралығында қоғамдық көлік маршруттарының желісін оңтайландыру бойынша кешенді жұмыс жүргізді.

- Бұл жұмыс аясында тасымалдау тиімділігін арттыру, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және тұрғындар үшін транспорт қолжетімділігін жақсарту мәселелері қаралды. Оңтайландыру жолаушылар ағынын, маршруттардың жүктемесін және азаматтардан түскен өтініштерді ескере отырып жүргізілді, - делінген хабарламада.

Тестілеу кезеңінің нәтижесі бойынша тиімсіз маршруттар №4У, №6 және №7жойылды.

Аталған маршруттарда жолаушылар ағыны төмен (күніне орта есеппен 133 транзакцияға дейін), бұл тасымалдаушылардың шығындарын өтеуге мүмкіндік бермейді. Яғни коммерциялық тарифтің нақты құны бір тасымалдау үшін 2000–4000 теңге. Әрі бюджеттен субсидиялау көлемін 122 миллион теңгеден астам соманы қажет еткен.

Әкімдіктегілер бағыттар бойынша қызмет көрсету сақталатынын айтады. Мәселен, №6 және №7 маршруттарымен бұрын қызмет көрсетілген дачалық массивтер «Беловка» маршрутымен дачалық кезеңде қамтылады. Маршрутқа жаңа, үлкен сыйымдылықты, ыңғайлы автобустар шығарылады. Ал №4У маршрутының жолаушылары №11 маршрутын пайдалана алады.

- Қабылданған шаралар қоғамдық көліктің тиімділігін арттыруға және қала тұрғындары үшін тасымалдаудың қолжетімділігін сақтауға бағытталған, жол жүру тарифтері көтерілмейді. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда нақты жолаушылар ағынын ескере отырып, қозғалыс кестесі жедел түзетілуі мүмкін, оның ішінде қозғалыс интервалы 15 минутқа қысқартылуы мүмкін, - дейді жауапты мамандар.

Бұған дейін аталмыш маршруттардың қозғалыс схемасын жариялаған болатынбыз.