Павлодар облысында оқушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Павлодар облысында оқушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
ЖИ иллюстрациясы

Ақтоғай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен «Қауіпсіздік күні» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара барысында жазғы лагерь тәрбиеленушілерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Оқушыларға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтану, нашақорлық, лудомания, буллинг және кибербуллингтің зияны туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, балаларға жазғы демалыс кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жол қозғалысы ережелерін орындау және су айдындарында өзін қауіпсіз ұстау мәселелері түсіндірілді.

Кездесуге полиция қызметкерлері, оның ішінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің өкілдері қатысты. Мамандар оқушыларға құқыққа қайшы әрекеттердің салдары туралы айтып, күнделікті өмірде де, интернет кеңістігінде де жеке қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын еске салды.

Шара соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

Бұдан бөлек, жазғы лагерь қызметкерлері үшін терроризмнің алдын алу және террористік қауіп туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі бойынша арнайы дәріс ұйымдастырылды.