Павлодарда қарсы жолаққа шыққан екі жүргізушінің ісі сотқа жіберілді

Павлодарда қарсы жолаққа шыққан екі жүргізушінің ісі сотқа жіберілді
ЖИ иллюстрациясы

Ереже бұзғандардың ерсі әрекеті Telegram-дағы арналардың бірінде жарияланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қарсы жолақпен жүйткіген екі Toyota маркалы автокөліктің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде жарияланған. Жүргізушілер басып озу кезінде жол таңбасын елемей, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан.

Мұндай маневр жол қозғалысына қатысушылардың барлығының өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Қарсы бағыттан келе жатқан көлік санаулы секундтарда пайда болуы мүмкін, ал мұндай басып озу кезіндегі қателік ауыр жол-көлік оқиғасына әкелуі ықтимал.

– Полиция қызметкерлері жүргізушілердің жеке басын анықтады. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша материалдар рәсімделіп, процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдын Нұрымов.

Тәртіп сақшылары басып озу үшін қарсы жолаққа шығу адам өміріне қауіп төндіретінін ескертеді.