Павлодарлық компания жеткізілген құрылыс материалдары үшін ақшасын төлемеген
Ал талап қоюшы компания сотқа кеш жүгінгені үшін миллиондаған теңге тұрақсыздық айыбынан айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «С» ЖШС-нің «СК» ЖШС-нен берешек пен тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап қою бойынша бірінші сатыдағы соттың шешіміне қатысты апелляциялық шағымын қарады. Талап қоюшы берілген құрылыс және әрлеу материалдары үшін төлемді кейінге қалдырумен сатып алу-сату шарты бойынша 3,9 миллион теңге мөлшеріндегі берешекті және оның үстіне тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды талап етті.
Сот талқылауы барысында екі тарап арасында 2022 жылдың қараша айында шарт жасалғаны және талап қоюшы «С» ЖШС өз міндеттемелерін орындап, тауарды жеткізгені анықталды. Алайда, «СК» ЖШС жауапкері шартта көрсетілген мерзімде (шот-фактура берілген күннен бастап 25 жұмыс күні ішінде) төлемді жүзеге асырмаған. Талап қоюшы соттан жалпы сомасы 3,9 миллион теңге тұрақсыздық айыбын өндіруді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырып, берешекті және екі миллион теңге көлеміндегі тұрақсыздық айыбын өндіріп, қалған 1,9 миллион теңге тұрақсыздық айыбын өндіруден бас тартқан. Сот жауапкер тарапынан міндеттемелердің тиісінше орындалғаны туралы дәлелдемелердің жоқтығын негізге алды.
Талап қоюшы апелляциялық шағымында ҚР Азаматтық кодексінің 297-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын азайтуға еш негіз жоқ деп көрсеткен. Алайда, сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісті. Сот алқасы талап қоюшының екі жылдан астам уақыт бойы сотқа талап қоймай, тұрақсыздық айыбының сомасының ұлғаюына жол бергенін атап өтті. Азаматтық кодекстің 364-бабының 1-тармағына сәйкес, сот осындай мән-жайлар бойынша борышкердің жауапкершілігінің көлемін азайтуға құқылы.
Нәтижесінде, бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.