АЭС туралы көп іздендім: Павлодарлық блогер ел болашағы үшін дауыс берді
Ол дұрыс таңдау жасау үшін бір ай бойы ойланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар машина жасау колледжінде орналасқан №4 референдум учаскесінің тізімінде 1931 азамат тіркелген. Оның ішінде 456 адам дауыс беріп үлгерді. Олардың бірі – Павлодар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы, блогер Заур Совет.
Ол таңдау жасау оңайға соқпағанын айтады.
– Мен бір ай бойы референдумда қалай дауыс беруім керек деп ойладым. Әлеуметтік желіден, ғаламтордан АЭС құрылысы туралы көп оқып, ғалымдармен кездесулерге бардым. Соңында өз таңдауымды жасадым, қателескен жоқпын деп ойлаймын, — деді блогер.
Заур Совет әрбір тұрғынның дауысы маңызды екенін жақсы түсінеді.
– Президентіміз осындай ауқымды жобаның шешімін халық қабылдайтынын айтқан болатын. Тұрғындардың едәуір бөлігі оң дауыс бергенде ғана атом электр станциясының құрылысы басталады, – дейді ол.
Айта кетейік, сағат 12:00-де комиссияның екі мүшесі полиция қызметкерімен бірге дауыс беруге келе алмаған адамдардың мекенжайларына шықты.